Қарағанды: Басты назарда - қала көркі

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласындағы қалақұрылысы кеңесінің кезекті отырысында «Абсолют» сауда үйін қайтадан жарақтандыру және оның маңайын абаттандыру мәселесі жан-жақты талқыланды,

деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Орталық әмбебап дүкені мен «Абсолют» сауда үйінің алдындағы алаң қала орталығы болып табылады. Сондықтан да оның қаланың сәулетіне сән беретіндей ғимарат болуына баса назар аудару қажет. Осыны ескерген қала сәулетшілері арнайы жоба әзірлеуге байланысты конкурс жариялап, үздік деп танылғанын іске асыру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Нәтижесінде 8 жоба талқыға түсіп, озық деп танылған үшеуі алқалы басқосуда тағы да талқыға салынды.

Мәселен, сәулетші Александр Байков сауда үйінің қасбетін айна сияқты шынымен қаптап, сырттай қарағанда алаңның аумағы кеңейе түскендей күйге енгізуін ұсынса, Рамазан Әубәкіровтің жобасы озық үлгідегі еуропалық астаналардың кейпін айғақтайды. Жұқа шынымен қапталған ғимарат алыстан көз тартып, әсіресе түнгі мезгілде ғимараттың ішкі безендірілуі де алақандағыдай көрініп тұрады.

Дегенмен, Сабыржан Дәуітбергеновтің жобасы кеңес мүшелерінің көңілінен шығып, бірауыздан мақұлданды. Кеншілер қаласының дәулетіне сәулетінің сай келетіндігін айғақтайтын жоба жаңа технология жүйесімен үйлесіп, жарасымдығын тапқан. Сауда кешенінің астыңғы қабатында автотұрақ орналастыру көзделген. Сонымен қатар қалалықтардың демалып, серуендейтін алаңдары да тиісті талапқа сай жабдықталған әрі жасыл желекке бөлеу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жоба авторлары аталған істі жүзеге асыруға ешбір сәулет өнеріне қатысы жоқ, талғамсыз әрі жүйесіз салынған жұртшылық арасында «титаник» аталынып кеткен үлкенді-кішілі ғимаратсымақтардың кедергі келтіріп тұрғандығына қынжылыс білдіріп, келешекте оларды мүлдем алып тастау керектігіне немесе көрер көзге қораштау көрінетін бөліктерін тиісті талапқа келтіру туралы пікірлерін білдірді. Кейінгі жобамен салынатын ғимараттар кешені қала көркіне сән беріп, орталық көшенің ажарлана түсуіне негіз қалайтын болады деген қала құрылысы кеңесінің мүшелері соңғы ұсыныс негізінде жұмысты одан әрі жалғастыру туралы бірауызды шешімге келді.