Қарағанды маңындағы полигон өртіне кінәлілер анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінің басшылығы 25 сәуірден бері жанып жатқан Доскей ауылындағы полигонға барды. Ведомство қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын ұстау ережелерінің және экологиялық нормалардың бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қатты-тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигоны Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Доскей ауылдық округінің аумағында 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеп келеді. Жер учаскесі санитарлық және экологиялық нормаларды сақтай отырып пайдалану бойынша шектелген. 2019 жылы жинақталған қалдықтардың көлемі 8 590 тоннаны, аумағы 4 531 м2 құрап отыр.

ҚТҚ полигонының меншік иесі «Ізашар» ЖШС болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы 15 сәуірде полигонда тұрмыстық қалдықтар (қағаз, пластик, картон), күл-қож және басқа да тез тұтанатын зиянды заттар өртенген еді. Осылайша Доскей ауылы мен Қарағанды қаласының аумағына улы түтін бұлты тарала бастады. Жергілікті тұрғындар аталмыш жағдайға наразылық білдірді.

Осыған байланысты және ҚТҚ полигонындағы өртті жою мақсатында ауыл әкімінің міндетін атқарушы 23 сәуірде Доскей ауылдық округі аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялау туралы шешім қабылдады.

«Тиісті іс-шараларды өткізу үшін аудан және облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі уәкілетті органдарының күштері мен құралдары, ерікті өрт сөндіру құрамалары, мердігерлік ұйымдардың арнайы және инженерлік техникасы (бульдозерлер, тиегіштер және т.б.) жанып жатқан қоқысты топырақпен көмуге, жанғыш қоқыс қалдықтарын жинауға және басқа да іс-шараларға тартылды», - деп хабарлады әкімдіктен.

Айта кету керек, жергілікті тұрғындар полигонның тиісті деңгейде ұсталмайтындығына бірнеше рет шағымданғанын айтады. Мұны жергілікті әкімдікте де растады.

«Аталған мәселе бойынша аудан тұрғындары мен мемлекеттік органдар тарапынан ҚТҚ полигонын қолданыстағы заңнамаға және өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес тиісті қалыпқа келтіру бойынша «Ізашар» ЖШС-ға бірнеше рет тиісті хаттар жолданды. Жыл сайын көктемгі және жазғы кезеңде аталған ҚТҚ полигонында көрсетілген тұрмыстық қалдықтар мен басқа да тұтанғыш зиянды заттар үнемі жанады», - деп хабарлады Доскей ауылдық округінің әкімдігінен.

Сондай-ақ, жергілікті билік «Ізашар» ЖШС өрт басталғаннан бері оны сөндіру бойынша шаралар қабылдамағанын хабарлайды. Сонымен бірге полигонның меншік иесі ҚТҚ полигонын күтіп ұстау жөніндегі экологиялық нормалар мен қағидалар талаптарын; қалдықтарды қабылдау рәсімдерін; полигонға өндірістік мониторингін жүргізу кестесін сақтамаған. Бұдан бөлек, экологиялық бақылау жоспар-кестесінде және қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатта көзделген қалдықтардың қоршаған ортаға зиянды әсеріне бақылау жүргізілмеген, өрт қауіпсіздігін төмендету жөніндегі іс-шаралар қабылданбаған.

28 сәуірде «Ізашар» ЖШС ҚТҚ полигонының жану фактісі байланысты Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті мамандары полигон аумағына қайта шыққанын хабарлады.

«Бұған дейін Бұқар Жырау ауданы Доскей ауылы әкімінің келіп түскен хаты негізінде 15 сәуірде Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков «Ізашар» ЖШС кәсіпорнының ҚТҚ полигоны аумағында Доскей ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында экология департаментінің басшысы «Ізашар» ЖШС кәсіпорны микрокәсіпкерлік субъектісіне жататынын айтты. Сондай-ақ, аталған факті бойынша департамент қабылданған шаралар туралы тұрғындарды хабардар етті.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президентінің Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізу туралы Жарлығына байланысты департамент полигонға тексеру жүргізу мәселесін шешуде.

Сапар қорытындысы бойынша «Ізашар» ЖШС директоры А.Зикиров халық алдында полигон аумағын екі ай ішінде экологиялық заңнамаға сәйкес келтіру міндеттемесін алды. Осылайша, кәсіпорын топырақ қабатымен оқшаулау және ҚТҚ қабатын тығыздау, сондай-ақ полигон аумағы бойынша қоршау орнату бойынша жұмыстарды жүргізуге міндеттенеді», - деп түсіндірді Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінен.