Бүгінгі Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына №92 гимназияда орналасқан №21 сайлау учаскесіне алғашқы болып келгендердің қатарында Қарағанды облыстық Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының жетекшісі Дина Аманжолова да болды.
«Сайлауға қатысу, таңдау жасау болашағымыз үшін маңызды. Еліміздің болашағына алаңдап, дауыс беруге асыққандар қатары көп. Сайлау учаскесінде дауыс беру санитария нормаларын қатаң сақтай отырып, өтіп жатыр. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде әр партияның бағдарламасымен толық көлемде танысуға мүмкіндіктер жасалды. Әр қазақстандық азамат партиялардың мақсаты мен жоспарын біле отыра, өз таңдауын бүгін жасауда. Мен еліміздің баянды болашағы, тұрақтылығы мен тыныштығы және қолға алынып жатқан істер соңына жеткізілуі үшін дауыс бердім», - дейді Дина Аманжолова.
Қарағанды облысында 778 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау комиссияларының құрамында 5 509 адам бар. Барлығы 920,4 мың дауыс беруші тіркелген. Сайлау процесін халықаралық ұйымдар мен аймақтық қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары қадағалайды. Сайлау учаскелерінде саяси партиялардың 3 мыңға жуық сенімді өкілі бар.