Қарағанды облыстық ТЖД-ға су тасқынының қаупі туралы 40-тан астам хабарлама түскен
29 наурыз күні Қарағанды облысындағы өзендерде су деңгейінің көтерілуі байқалды.
31 наурыздағы сағат 08.00-дегі жағдай бойынша Қарағанды облыстық ТЖД Бірегей кезекшілік-диспетчерлік қызметіне тұрғын үйлерді, аулалық аумақтарды, әртүрлі маңыздағы жолдардың жеке учаскелеріндегі су тасқыны мен су тасқынының қаупі туралы 42 хабарлама түскен.
Өңірлік ТЖД ақпараты бойынша, 30 наурыз күні ауа температурасының +5+7 градусқа жоғарылауына байланысты қардың жаппай еріп, салдарынан Ақжол бөлімшесі аумағындағы жергілікті маңызы бар тасжолды су шайып кеткендігі және еріген қар суының Нұркен Әбдіров ауылдық округі Жарлы ауылы Жарлы көшесіндегі шеткі 9 үйді басып қалғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Су астында қалып қойған 9 үйден 31 адам құтқарылып, туыстарына қоныстандырылды.
Дәл осындай жағдай, 30 наурыз күні Ақадыр кентінде де орын алған. Төтенше жағдай болған аумаққа 700 қап топырақ жеткізіліп, төселді. Қолданылған шаралардың нәтижесінде судың тасуы тоқтатылды.