Қарағанды облысы Саран қаласында үшем туған отбасына пәтер сыйға тартылды
Саран қаласының әкімі Мұхтар Адамбеков облыстық клиникалық аурухананың босану бөлімшесін аралады. Ол үшемдердің анасын құттықтап, жаңа үйден үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.
Оксана Рассказова билікке мұндай сыйлығы үшін алғыс айтты. «Мен өте бақыттымын, өте қуаныштымын. Менің өзім жетіммін және әрқашан үлкен отбасым болса деп армандайтынмын. Пәтер - біз үшін ең басты мәселе. Біздің өзіміздің тұрғын үйіміз жоқ, жолдасыммен Саран қаласында 2 бөлмелі пәтерді жалдап тұрамыз, онда орталықтандырылған жылыту жоқ», - дейді 26 жастағы үшемнің анасы.
Рассказовтар отбасында енді бала саны төртеу болды, үлкен ұлдары 5 жаста. Үшем - екі ұл және бір қыз 30 қыркүйекте дүниеге келді. Илья, Максим және Полина есімді сәбилер әзірге перзентхана дәрігерлерінің қарауында.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне қарағанда, Қарағанды облысында биылғы жылдың 9 айында 179 егіз туған, ал үшем биылғы жылы екінші рет туып отыр.