«Арнайы операция барысында Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің полиция қызметкерлері 19 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ұсталғанның пәтерін тінту кезінде 1,5 кг астам героин алынды», - деп мәлім етті бүгін өткен брифингіде ҚР Ішкі істер министрлігі Тіл саясаты және ақпарат департаментінің жетекшісі Қуанышбек Жұманов.
Сондай-ақ департамент жетекшісінің айтуынша, өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысы бойынша полиция қызметкерлері осы өңірге есірткі құралдарын сату арнасын анықтап, жолын кесті. Мәселен, арнайы операцияның нәтижесінде Петропавл қаласында Жамбыл облысынан келген 42 және 43 жастағы ерлі-зайыптылар ұсталып, олардан 200 кг марихуана тәркіленді.
Жалпы Қ.Жұмановтың сөзіне қарағанда, еліміздегі криминогендік жағдай тұрақты. Өткен апта ішінде 1918 қылмыс жасалды, оның ішінде 1426-і «ізі суымай» ашылды. Бұрын жасалған 319 қылмыстың беті ашылып, 73 күдікті табылды. Сонымен қатар есірткі қылмысына қатысты - 94, оның ішінде есірткіні сату бойынша - 15 факті анықталды. Нәтижесінде 630 келіге жуық есірткі, 1,5 келіден астам героин тәркіленді.