Қарағанды облысында 1 млн тоннадан астам шөп орылған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында жем-шөп дайындау науқаны жалғасуда. Қазіргі таңда 1 млн 17 мың тонна шөп орылған, ол қажетті норманың 51%-нан асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Барлық шаруа қожалықтарын мол азықпен қамтамасыз ету үшін 2 миллион 125 мың тонна шөп қажет. Ол үшін облыста 19,4 мың гектар жерге бір жылдық шөп егілген. Сонымен қатар, мал азығын көпжылдық өсімдіктерден де әзірлейді. Бүгінде көпжылдық шөп аумағы 326,1 мың гектарды құрайды. Қоймада жатқан тағы 432 мың тонна жем-шөп өткен жылдан қалған. 

«Белгіленген азық қорын тиісті уақыт ішінде дайындап үлгеру үшін 6867 төсем, 528 дестелегіш, 2,2 мың тырнауыш пен 316 сығымдап жинауыш жұмылдырылған», - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов. 



Белгіленген норманы орындау үшін күн сайын кем дегенде 32 мың тонна шөп орылуы тиіс. Көктемнің кеш түсуіне және ауа-райының қолайсыздығына байланысты барлық аймақтар кестеден қалып барады. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов қала мен аудан әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты үдетуді тапсырды. 

«Былай қарағанда, шөп жинау маусымының аяқталуына небары бір ай уақыт қалды. Мені алаңдатып отырған бір сұрақ - сіздер осыншама аз уақытта қажетті мөлшерді жинап үлгересіздер ме? Біз баяғыда 50 пайызды еңсеруге тиіс едік», - деді облыс әкімі.