Қарағанды облысында 10 ауылға интернет тарту үшін базалық станса орнатылып жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында интернетке қол жеткізу проблемасы бар ауылдарда базалық стансалар орнатылып жатыр. Елді мекендерді сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін аудандық бюджеттен қаражат бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші кезеңде он ауыл қамтылды. Жабдықтар олардың бесеуіне орнатылды. Атап айтқанда Жаңаталап, Байқадам, Керней, Үміткер және Андрейниковка ауылдары. Тасшоқы мен Жаңақалада жұмыс басталып кеткен. Осы аптада Центральное, Баймырза және Белағаш елді мекендерінде орнату аяқталады.

Бұл ауылдарда жиыны 12 327 адам тұрады.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, 47 елді мекенде кең жолақты интернет бар. Жалпы алғанда аудан халқының 83,8% жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Жұмыс әлі де жалғасатын болады. Базалық стансаларды тағы 12 ауылға орнату жоспарланып отыр.