Қарағанды облысында 1500 гектар жерді шарпыған дала өрті сөндірілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының өрт сөндірушілері ауқымды дала өртін сөндірді. Тілсіз жау 1500 гектардан астам алқапқа жайылып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін таңертең сағат 07:00-де Ақтоғай ауданында 14 маусымда басталған ірі дала өрті сөндірілді. Апаттың жалпы аумағы 1500 гектарды құрады. Жалынмен күресуге ТЖ департаментінің бөлімшелері, «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Ақтоғай орман шаруашылығы» КММ және өртке қарсы ерікті құрылымдар қатысты.

Сонымен қатар, өткен тәулікте Қарағанды облысында Қарағанды орман шаруашылығы аумағында 1 орман өрті және Бұқар жырау, Ақтоғай, Шет, Ұлытау аудандарында 8 дала өрті жойылды. Олардың ауданы 2-ден 49 гектарға дейін болды. Өртті сөндіруге ТЖ департаментінің күштері мен өртке қарсы ерікті құрылымдар жұмылдырылды.

Орман өрті Күзембаев атындағы шахта маңында да пайда болды. Жалпы ауданы 1,8 га құрайтын аумақта құрғақ шөп пен ағаштар жанған.

«Өрт қаупі артатын кезең басталғаннан бері облыста 87 дала өрті тіркелген. Олардың жалпы ауданы 3500 га құрайды», - деп мәлімдеді ТЖД баспасөз қызметі.