«Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, қаза тапқан жігіт 6505 әскери бөлімінде қызмет еткен. 2 ақпанда таңғы сағат 8.00-де ол өзін әлсіз сезінетінін айтқан. Санитарлық нұсқаушы жүргізген тексерістен кейін ол Абай қаласының Орталық қалалық ауруханасына жатқызылды. Ауруханаға жатқызылғаннан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, сарбаз жансақтау бөліміне ауыстырылды. Сағат 11.00-де дәрігерлер оның қайтыс болғанын хабарлады.
«Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, әскери қызметшінің өліміне менингококты инфекция себеп болған. Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшылығы мен жеке құрамы қатардағы жауынгер Жақып Рамазан Мейрамбекұлының кенеттен қайтыс болуына байланысты қайғырып, туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ведомство сонымен қатар, қатардағы сарбаз қызмет еткен бөлімшеде эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп, карантин енгізілгенін мәлім етті.
Барлық байланыста болған адамдар Қарағанды облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығында менингококктың бар-жоғына тексеруден өтті.