Өңірде мұндай операциялар перкутанды нефролитотрипсия көмегімен жасалады. Бұл бүйрек тастарын, соның ішінде маржан тәрізді шөгінділерді жоюдың өте тиімді және жарақатсыз әдістерінің бірі. Операция кезінде хирургтар арнайы жабдық – нефроскопты бүйрек қуысына тері арқылы енгізеді. Тас лазер арқылы ұсақ бөлшектерге бөлінеді, содан кейін олар алынады.
«Бұл әдіс бүйрекке тері арқылы жасалуымен ерекшеленеді. Тілік 1 сантиметрден аспайды. Операцияның бұл түрін жасау үшін біз нефроскоп сатып алдық. Бұл жабдық тіндердің жарақаттануын азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай медициналық қызметке қажеттілік болды, сондықтан біз оны халыққа қолжетімді еттік», – дейді № 1 көпсалалы аурухана директорының орынбасары Дмитрий Матюшко.
Қарағандылық Құралай Айткенованың бүйрегінен тастар бір жыл бұрын табылған.
Әйел операцияны бел тұсының ауруы төзімсіз жағдайға жеткенше кейінге қалдыра берген. Осы жылдың қазан айында ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.
Операция барысында оның бүйрегінен 1,3 сантиметрлік тас алынып тасталды.
«Операциядан кейін 5 күн өткен соң мені үйге шығарды. Қазір денсаулық жағдайым жақсы, еш жерім ауырмайды. Операция, барлық тексерулер, соның ішінде УДЗ, КТ тегін, жылдам болды», – дейді қарағандылық.
Бүйрек тастарын перкутанды нефролитотрипсия әдісімен жою операциясын барлығы бес медициналық ұйым жүзеге асырады. Олар МӘМС пакетіне кіреді және сақтандырылған пациенттер үшін тегін.
Жыл басынан бері облыс хирургтары перкутанды нефролитотрипсия әдісімен 24 адамға ота жасады. Әрбір операцияны төлеуге медициналық сақтандыру қорынан 425 мың теңге бөлінді.