Қарағанды облысында 2022 жылы вольфрам өндіріле бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 2022 жылы вольфрам өндіріле бастауы мүмкін, деп жазады ekaraganda.kz порталы.

Порталдың жазуынша, геологтар Қарағанды облысының Солтүстік Қатпар кенішінде үлкен вольфрам қорының бар екендігін растады. Сирек кездесетін металды өндіру жұмыстары 2022 жылы басталуы мүмкін.

«Алдын ала жүргізілген бұрғылау жұмыстары Қарағанды облысының Солтүстік Қатпар кенішінде вольфрам мен молибденнің бар екендігін растады. Мұнда вольфрамның қоры шамамен 90 мың тоннаны құрайды, ал молибденнің қоры 13 мың тоннаға жетеді»,-деп хабарлады «Тау-Кен Самұрық» ҰГК» АҚ баспасөз қызметі.

Зерттеу жұмыстары кеннің тарихи таралу аймағының қазіргі мәліметтермен көп сәйкесетіндігін көрсетті.

Зерттеу жұмыстары отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен жүргізілді. Аталған кеніш үшін кенді байыту технологиясын Бейжің тау-кен ісі және металургия институты дайындады.

Қазақстан вольфрам өндіру ісін жаңғыртпақ. Елде бүгінде 10-нан астам вольфрам кеніштері барланды. Олардың арасындағы ең ірі әрі болашағы зор дегендері Қарағанды облысының Шет ауданындағы Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпар кеніштері саналады. Алдын ала мәліметтер бойынша, ондағы қордың мөлшері шамамен 1 млнн-нан астам тоннаны құрайды.

Жоғарғы Қайрақты кенішінде геологиялық зерттеу жұмыстарын 2019 жылы аяқтау көзделіп отыр. Осы зерттеудің нәтижесі бойынша, металл қорының мөлшері белгілі болады.