Қарағанды облысында 25 әлеуметтік павильон салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 әлеуметтік павильон Қарағанды, Саран, Шахтинск және Абай қаласында салынады. Қазір болашақ дүкендерге арналған жер телімдері рәсімделіп жатыр, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Аймақ басшылығы әлеуметтік павильондар өздерін тек жақсы қырынан танытқанын айтады. Бұл негізсіз баға көтерулермен және белгілі бір маусымдық тауарлардың тапшылығымен күресудің тиімді құралы болып табылады.

«Жаңа павильондарды ашу сатып алушыларды ауқымды түрде қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілерге өз өнімдерін делдалдарсыз, төмен және қолжетімді бағамен сатуға жол ашады», - дейді Қарағанды облыстық Кәсіпкерлік басқармасының жетекшісі Татьяна Аблаева.

Ол сонымен қатар, 2019 жылға тұрақтандыру қоры құрылғаны туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Оған 68 тонна күріш, 68 тонна қарақұмық, 204 тонна қант, 48 мың литр күнбағыс майы жеткізіледі. 

Бұл өнімдер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бір деңгейде ұстап тұру үшін әлеуметтік павильондарда тұрақты бағамен сатылатын болады.