Қарағанды облысында 3 күн бұрын жоғалып кеткен қария табылды

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат- Қарағандылық құтқарушылар 3 күн бұрын жоғалып кеткен қарияны тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12 маусымда Қарағанды облысының құтқарушыларына Ұлытау ауданының Амангелді ауылында белгісіз жағдайда 76 жастағы ақсақал жоғалып кеткендігі туралы хабар келіп түсті.

Ауылда құтқарушылар, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен жоғалған ақсақалдың туыстарынан құралған іздеу тобы құрылды. Сондай-ақ, қарияны іздестіруге «Еуразия Эйр» компаниясының тікұшағы жұмылдырылды.

13 маусымда кешкі сағат 18:42-де топ мүшелері адасқан қарияның Ақтас ауылынан 25 шақырым жерден тауып алды.

Ер адам тікұшақпен медициналық тексеру және қажетті көмек көрсету үшін Жезқазған қаласының медициналық мекемесіне жеткізілді. Соңғы мәліметтер бойынша, құтқарылған қарияның жағдайы бірқалыпты екендігі айтылды.

Соңғы жаңалықтар