Қарағанды облысында 6 мыңнан астам автокөлік заңдастырылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 30 маусымда елімізде шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру науқаны аяқталды. Қарағанды облысында 6 500 көлік иесі темір тұлпарын заңдастырып үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

23 қаңтар мен 30 маусым аралығында Қарағанды облысында шамамен 6 500 шетелден әкелінген көлік және 1 200 құрастырушы-көлік заңдастырылды. Сонымен қатар шетелден әкелінген көліктерін заңдастыруға 30 маусымға дейін өтініш беріп, заңдастырып үлгермеген көлік иелеріне заңдастыруға мүмкіндік беріледі.

«Бүгінде әртүрлі себептермен, оның ішінде оларға қойылған шектеулерге байланысты заңдастырылмаған автокөліктер 200 мың теңге төлемей 5 жыл мерзімге уақытша есепке қойылады деген шешім қабылданды. Көлік иелеріне көліктерін тіркеу туралы куәлік және Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіркеу нөмірі беріледі. Мемлекеттік тіркеу нөміріне төленетін баж салығы 9 660 теңгені болса, көлік құралын тіркеу туралы куәлігіне 4 313 және әдеттегі тіркеу үшін 863 теңге алымды төлеу қажет. Автокөлікті басқа елдегі соңғы тіркелген жері бойынша есептен шығарған жағдайда оны заңдастыру ережелеріне сәйкес тіркеуге болады. Егер Қазақстан азаматтары автокөліктерді елден тыс жерлерге әкету туралы шешім қабылдаса, онда олар Қазақстан Республикасының көлік құралдарын тіркеу куәлігін және мемлекеттік тіркеу нөмірін тапсырып, оларға тіркеу құжаттары мен шет мемлекеттің мемлекеттік тіркеу нөмірі қайтарылады», – деді Қарағанды облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімов.


Өңірде автокөліктерді жария ету бойынша бұрын берілген өтінімдерді тіркеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандандырылған ХҚКО ангары штаттық режимде жұмыс істейді. Сонымен қатар Процессинг орталығының қызметкерлері азаматтарға автокөліктерді заңдастыру және оларды уақытша есепке алу мәселелері бойынша кеңес беріп жатыр.