Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов түлектерді құттықтау үшін Шет ауданының Жарық ауылындағы тәлім алған мектебіне келді. Мұнда биыл 34 он бірінші сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау соғылды. Олардың үшеуі «Алтын белгіге» үміткер.
«Бүгін мен сіздерді әр адамның өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірімен құттықтау үшін арнайы келдім. Мен Қарағанды облысының барлық түлектерін мектеп бітіруімен құттықтағым келеді. Сіздердің алдарыңызда барлық жолдар ашылды. Мемлекет жастарға барлық мүмкіндіктерді жасауда - оқуға гранттар бар. Дәл қазір алдарыңызда тұрған басты мәселе - «келешекте кім боламын?» деген сұраққа жауап іздеу. Менің ойымша, сіздер дұрыс таңдау жасап, өз жолдарыңызды таба аласыздар», - деді Ерлан Қошанов.
Сыйлыққа сондай-ақ ауылдық мектеп екі интерактивті тақта сатып алуға сертификат алды.
Мектеп бітірушілерді ардагер-ұстаз Мағфуза Сәбитова қарсы алды. Жарты ғасыр шамасында ол осы мектептің оқушыларына математикадан сабақ берген.
«Алтын белгіге» үміткерлердің бірі Аружан Ысқақова Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне «Есеп және аудит» мамандығына құжат тапсыратынын айтты.
Бұл күні ауылда Түлектер аллеясы салынды. Он бірінші сынып оқушылары мектеп жанында ағаштар отырғызды.
28 мамырдан 7 маусымға дейін он бірінші сынып оқушылары орта білім туралы аттестат алуға емтихан тапсырады.
20 маусым мен 5 шілде аралығында Қазақстан бойынша ҰБТ өтеді. Мамыр айының соңында облыс бойынша нақты мерзімдер белгілі болады. Өңірде бес жоғары оқу орны мен он жалпы білім беретін мектептерде тестілеу пунктері ұйымдастырылады. ҰБТ тапсыруға түлектердің 70%-ы, яғни 5 268 оқушы ниет білдірді.