Қарағанды облысында 91 гидротехникалық құрылыс тексерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері, апаттың салдарын азайту бойынша қабылданатын шаралар, сонымен қатар облыстағы су шаруашылық құрылыстарының, оның ішінде жеке меншіктегілердің жағдайы талқыланған дөңгелек үстел өткізілді. Бұл туралы облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметі хабарлады.

ТЖД бастығы И.Күлшімбаевтың айтуынша, былтырғы жылы көктем кезінде су тасқыны орын алып, өңірдің біршама бөлігін су басқан. Сондықтан, қазір төтенше жағдайларды болдырмау үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда екен.

Су тасқынының алдын алуға дайындық жайын ТЖД басшысының орынбасары М.Қатпанов баяндады. Оның айтуынша, Қарағанды облысы әкімінің «2017 жылғы су тасқыны кезеңінде облыс аумағы мен тұрғындарын қорғауды ұйымдастыру туралы» қаулысы шығып, 2017 жылы өңірдегі су шаруашылық объектілері мен аумақты, тұрғындарды қорғау бойынша шаралар жоспары бекітілген. Жоспар бойынша  қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар, мекемелер мен ұйымдармен қажетті жұмыстарды қолға алған.

2016 жылдың қыркүйек айынан қазанға дейін 91 гидротехникалық  құрылыс тексерілген. Тексеру қорытындысы бойынша су қоймаларынан апатсыз су тастау, суды көбірек өткізу үшін арналарды тазалау секілді ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға берілді.

Жиында сөз алғандар 1 ақпан бойынша облыстың барлық өзендерінде судың тұрақты екендігін, гидротехникалық құрылыстарды коммуналдық меншікке  қабылдау жүргізіліп жатқандығын, барлық нысандарды су тасқынына қарсы жоспар құрылғандығын атап өткен.

2-3 ақпанда ТЖД-ның, Нұра-Сарысу су инспекциясының және аудан әкімдіктерінің өкілдері Нұра және Шерубай-Нұра  өзендерінің жоғары бөлігін қарауды көздеп отыр.

Сонымен қатар 9 ақпанында су тасқынына дайындық бойынша мүдделі облыстық ТЖД комиссиясының отырысы өткізіледі.