Облыстық ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, операция барысында аймақта балалардың жарақаттану фактілері, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 83,3 пайызға азайған. Сондай-ақ операцияны өткізу кезеңінде балалардың кінәсінен бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген.
Жол полициясы басқармасының мәліметтері бойынша, 2009 жылдың 8 айында Қарағанды облысының автожолдарында балалардың қатысуымен 110 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оларда 8 бала шетінеп, 109 бала түрлі жарақат алған. «Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, барлық көрсеткіштер бойынша балалардың жол-көлік жарақаттарының төмендеуі байқалады. Оқиғалардың саны 17,3 пайызға азайса, қаза тапқан балалардың саны - 62 пайызға, жарақаттанғандардың саны - 16,1 пайызға азайған», деп хабарлады басқармадан. Өткен жылы осы кезеңде облыста жол-көлік оқиғаларында 21 бала қаза болды, 130 бала жарақаттанған, деп нақтылады баспасөз қызметінен.