Қарағанды облысында әкім майорға пара берді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасарына ауылдық округ әкімінен пара алғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айыру үкімі шықты.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес осы жылғы 12 сәуірде полиция майоры Жаңаарқа ауданында тас жолда Айнабұлақ ауылдық округінің мас әкімін тоқтатты. Ол әкімге наркодиспансерге апармай, әкімшілік жауапкершілікке тарту хаттамасын толтырмағаны үшін 250 мың теңге төлеуді ұсынған.

Өз кезегінде әкім ақша әкелуге бармақшы болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоға пара бопсалағаны туралы шағыммен жүгінеді. Майор ақша алып жатқан кезде ұсталды. Лауазымды тұлға Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша айыпты деп танылды.

«Енді бұрынғы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасарына оның өзіне жеке тиесілі мүліктері тәркілене отырып, мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, басқа да мемлекеттік құрылымдарда өмір бойына жұмыс істеу құқығынан айыра отырып, үш жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды», - деген үкімді Жаңаарқа ауданының судьясы Бота Кәрімова оқып берді.

Сотталушы арнайы майор атағынан айырылды. Сонымен қатар ауыл әкімі талдау және мас екеніне дәрігерлердің қорытындысын алу түріндегі дәлел жинау уақыты өтіп кетуіне байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ.