Қарағанды облысында әлеуметтік би студиясы ашылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасы Қарағанды облысының Саран қаласында Without borders студиясын ашуға миллион теңгеге грант бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен акциясы жастарға әлеуметтік кәсіпкерлік элементтерін игеруге және оны одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

«Zhas Project жобасы туралы көптеген қазақстандықтар секілді Instagram әлеуметтік желісінен білдім. Үш жасымнан бері «Детство» үлгілі би ансамблінде биледім. Ұжым жетекшісі - Ольга Голева. Ол әрқашан оқушыларын мейірімді болуға және өз мүмкіндіктеріне қарай отырып, басқаларға көмектесуге үйретті. Оның көмегі мен нұсқауларының арқасында біз Without borders («Шекарасыз») әлеуметтік би студиясын аштық», - дейді студияның негізін қалаушы Мария Сторчак.

Бұл, бүгінгі таңда Саран қаласында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалар шұғылданатын жалғыз би студиясы.

«Иә, бұл – ерекше балалар. Бірақ олардың әрқайсысында өзінің ішкі әлемі бар. Бұл олардың шығармашылықтан өздерін таба алмайды дегенді білдірмейді. Би студиясы мен үшін қазір көп нәрсені білдіреді. Осы балалармен дайындық пен қарым-қатынас менің санамды және әлемге деген көзқарасымды өзгертті», - дейді Мария.

Әрине, мұндай жобаны жалғыз игеру мүмкін емес. Бірақ Марияның әрқашан көмектесетін және қолдайтын командасы бар. Бұл рухы жақын үш адам – Роман Шарипов, Илана Алпысбаева және Татьяна Сторчак.

«Мен судьямыздың көшбасшысы болу бақытына ие болдым. Жалпы, білімім бойынша мен педагогпын. «№17 мектеп-гимназиясы» КММ-де мұғалім болып жұмыс істеймін. Хореограф деген қосымша білімім бар. Бірақ біз барлық жұмысты топпен бірге жасаймыз. Сонымен қатар, Ольга Голева біздің жобаға үлкен үлес қосуда. Ол бағыттайды, шақырады және тіпті жаттығуларға қатысады», - дейді Мария.

Жобаға қатысқан барлық уақыт аралығында Without borders студиясына Саран қаласының Мәдениет сарайы да үлкен көмек көрсетуде. Оның директоры Людмила Феоклистова Zhas Project аясында сабақ өткізу үшін тегін орын-жай ұсынды.

«Студияның негізгі міндеті - әлеуметтік мәртебесі мен денсаулық жағдайына қарамастан балаларға музыканы, ырғақты сезінуге және қарапайым қимылдарды меңгеруге мүмкіндік беру. Себебі одан көздің жауын алатын тамаша композициялар құрылады. Бізге сабаққа келген әр бала өзінің қабілеттері мен таланттарын ашады», - дейді Мария Сторчак.

Without borders әлеуметтік би студиясында сабақтар тегін өткізіледі. Zhas Project аяқталғаннан кейін команда осы бағытты одан әрі дамытуды көздеп отыр. Есту қабілеті бұзылған балаларға қосымша топтар ашу жоспарда бар.