Қарағанды облысында алимент төлеушілердің берешегі 1,7 млрд теңгеден асқан

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда 22 мың баланың әкесі 1,7 млрд теңгеден астам алиментті төлемеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеровтің төрағалығымен алимент өндіру мәселесі бойынша алқа отырысы өтті. Оған өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, сондай-ақ уәкілетті және мүдделі органдардың бірінші басшылары қатысты.

Облыс прокуроры мәлім еткендей, өңірде алимент төлеушілердің берешегі 1,7 млрд теңгеден асқан, бұл – 22 мың балаға берілуі тиіс қаражат.

Бұған орындау органдарының басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп борышкерлермен жұмыс істеу, оларды бақылау, жұмысқа орналастыру, сондай-ақ оларға әкімшілік және қылмыстық ықпал ету бойынша өзара іс-қимылдың болмауы себеп ретінде айтылды.

Қадағалау ведомствосы 86 борышкерде электрондық әмияндардан, букмекерлік компаниялардан, бағалы қағаздар биржаларынан және такси қызметтерінен түсетін жасырын кірістер бар екенін айқындады (36 млн теңге).

Прокурорлар сот орындаушыларының әрекетсіздігінен өндіріп алынбаған 28 мүлік объектісін, 300-ден астам малды және 22 арнайы техниканы анықтады. Мұның бәрі 89% жағдайда мүлікті иеліктен шығаруға әкелген.

Алқа отырысында аталып өткендей, борышкерлер іздеуге формальды түрде жарияланады, себебі олар еркін жүріп-тұрады, мемлекеттік қызметтерді пайдаланады және борышкер мәртебесінде екені туралы хабардар болмайды.

Сондай-ақ, борышкерлерді қылмыстық және әкімшілік қудалау мәселелері қозғалды.

Облыс прокуратурасы Әділет министрінің атына қадағалау актісін жолдады. Табысын жасырып жүрген борышкерлерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешілетін болды.

Алқа нәтижелері бойынша бірқатар ұйымдастырушылық шара қабылданды.

Атап айтқанда, облыстың барлық өңірлеріде алиментпен жұмыс жөніндегі ведомствоаралық топтар және Жұмыспен қамту орталықтарының базасында алиментшілерді бірінші кезекте жұмысқа орналастыру жөніндегі бөлімшелер (жұмыспен қамту орталығы, кәсіпкерлер палатасы, сот орындаушыларының палатасы, полиция, әділет органдары, балалар мен бизнес субъектілерінің құқықтары жөніндегі қоғамдық ұйымдар) құрылады.