Қарағанды облысында Алматыдағы оқиғадан қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте қызметшілер қайғылы оқиғалар кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдарының, ҚР Ұлттық ұланының қызметкерлерін және еліміздің бейбіт тұрғындарын бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір әкімі Жеңіс Қасымбек облыс әкімдігінің атынан қаза тапқан қазақстандықтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Осы қиын-қыстау күндерде облыстың барлық тұрғындары сіздермен қайғы-қасіретті бөліседі», - деді Жеңіс Қасымбек.

Еске сала кетейік, еліміздің бірқатар аймақтарындағы қайғылы оқиғалардың салдарынан құқық қорғау органдарының, ҚР Ұлттық ұланының қызметкерлері және еліміздің бейбіт тұрғындарының қаза табуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын.