Қарағанды облысында арқар атқан браконьерлер сотталды
Бұл туралы Қарқаралы ауданы прокурорының міндетін атқарушы Еркін Жалмағанбетов хабарлады.
«Сотталушылар өткен жылдың сәуір айында Қарқаралы ауданының аумағында Қызыл кітапқа енгізілген төрт арқарды атып өлтірген болатын. Олардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 7,6 миллион теңгенің шығыны келді», деп атап көрсетті прокурор өз сөзінде.
Айыпталушылар ағымдағы жылдың шілде айында сотқа тартылды. Қарқаралы ауданының прокуратурасы сондай-ақ, кінәлілерден келтірген шығынның өтемін өндіру туралы талап арыз қойды.
«Іс сотта қаралғанға дейін, айыпталушылар мемлекетке келтірген шығындарын толық өтеді. Қарқаралы ауданының №2 сотының үкімімен олар ҚР Қылмыстық кодексінің 288-ші бабы 3-ші тармағында қарастырылған қылмысты (заңсыз аң аулау) жасағандары үшін кінәлі деп танылып, оларға шартты мерзім жазасы тағайындалды», - деді Е.Жалмағанбетов.