Қарағанды облысында аудан әкімі болып алғаш рет әйел тағайындалды

ҚАРАҒАНДЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының әкімі болып Салтанат Әбеуова тағайындалды, деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметінен.

«Облыс әкімінің өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Ақтоғай ауданының әкімі қызметіне Салтанат Әбеуова тағайындалды. Ол Қарағанды облысында аудан әкімі болған бірінші әйел», - деп атап өтіледі хабарламада.

Бұл тағайындауға дейін С.Әбеуова осы аудан әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Ақтоғай ауданының бұрынғы әкімі Қайыржан Тілеубергенов бұл қызметінен басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатылды.

С.Әбеуованың «орта мектепте неміс және ағылшын тілдерінің мұғалімі» мамандығы бойынша білімі бар. Алматыдағы шетелдік тілдері педагогикалық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Ақтоғай ауданындағы Қызыларай ауылындағы мектепте неміс тілінің мұғалімі болып бастады. Одан кейін комсомол, партия және кеңестік органдарда қызмет атқарған. 1992 жылы Ақтоғай әкімі аппаратына жұмысқа қабылданды, сол кезден бері онда түрлі қызметтер атқарып келген, соның ішінде ұйымдастырушылық және кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды.