Қарағанды облысында ауылдық балабақша ашылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бұқар Жырау ауданындағы Көкпекті ауылында 100 орынға шақталған «Нұр-сәби» балабақшасы ашылды. Бұл аймағымыздағы ауылдық жерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік желісі бойынша жүзеге асырылған алғашқы жоба, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімнің сайтына сілтеме жасап.

«Ауыл тұрғындары бұрыннан бері балабақша ашу керектігі туралы айтып келген болатын. Мен МЖӘ туралы білдім де, механизммен танысып, облыс орталығында жүзеге асырылған жобаларды қарап шықтым. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында маған бизнес-жоспар құруға көмектесті. Жергілікті атқару органдары мен Облыстық білім басқармасы қолдау көрсетті, - дейді кәсіпкер Торғай Мағзұмова. 

Бизнес-вумен тиімді жұмыспен қамту және жжапай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығына қаржылау қолдау көрсету қорынан 9,7 млн теңге көлемінде несие алған. Несие шарты қолайлы - жылдық мөлшерлеме 6 пайыз, мерзімі 5 жыл.

Бұрынғы балабақша ғимараты жөнделіп, мақсатты қолданылып отыр. Жаңа «Нұр-сәби» балабақшасы өз есіктерін тамыз айының басында айқара ашты. Қазір оған 40 бала барып жүр, қабылдау жалғасуда.

Топтарда тәрбие екі тілде беріледі - қазақша және орысша. Соңыра ағылшын тілі қосылады. Балабақшаға жергілікті тұрғындар жұмысқа қабылданған. 

Аудандық білім бөлімі жекеменшік балабақшаға 100 орынға мемлекеттік тапсырыс беріп отыр. Мемлекет бір балаға айына 29 900 теңге төлеп отырады. Осының арқасында ата-аналарға ай сайынғы өтемақы шамамен 11 000 теңгеге шығатын болады.