Қарағанды облысында әзірленіп жатқан лаңкестік туралы қылмыстық іс жабық режімде қаралады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда әзірленіп жатқан террорлық акті туралы қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. «Басты сот талқылауы жабық режімде өтеді», - деді Қарағанды облысы қылмыстық іс жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайрат Қасымов.

Шешім куәгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Басты сот талқылауы 15 қарашада басталады, деп хабарлады судья.

Сотталушылар - Балқаш өңірінің 8 тұрғыны. Үшеуі - бірге туған ағайындылар.  Олар ҚР ҚК 24-257-баптар, 1, 2, ҚР ҚК 255-бабының 4-бөлігі, ҚР ҚК 287-бабы бойынша  лаңкестік топ дайындағаны және оның қызметіне қатысқандары үшін айыпталуда. Алдын ала тыңдауда сотталушылардың адвокаттары процессудалдық келісімдер жасасу туралы қолдаухат берді.

Бұған дейін ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Балқашта және Қарағанды облысы Гүлшат кентінде радикалдық топ қызметінің жолы кесілді. Олар қолдан жасалған жарылғыш затты пайдаланып, лаңкестік акті жоспарлаған. 26 маусымда Гүлшат кентінде ұстау операциясы кезінде лаңкестердің бірі өзін жарып жіберіп, алынған жарақаттан қайтыс болды. 29 маусымда Балқаш қалалық соты 5 ер адамды тұтқындады. Тергеу нұсқасы бойынша, 2016 жылғы сәуірде дәстүрлі емес дін ұстанатын Балқаш тұрғыны өз қаласында Балқаш қаласы мен Гүлшат кентінің тұрғындарынан лаңкестік топ құрған. Тергеу нәтижесіне сәйкес айыпталушылар тізімі 8 адамға ұлғайды.