Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев мәлім еткендей, облысқа 40 950 доза мөлшерінде Pfizer вакцинасы жеткізілді. Препарат екі компонентті болғандықтан, вакцина 20 475 қарағандылық үшін қолжетімді. Препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі үшін барлық деңгейде – сақтаудан бастап тасымалдауға дейін – қажетті суық тізбек қамтамасыз етіледі.
«Pfizer вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді, сондай-ақ жүкті және бала емізетін аналарды вакциналау үшін ұсынады. Қазіргі уақытта әлемнің 20-дан астам елі бұл вакцинаны 12 жастан бастап жасөспірімдерді иммундау үшін қолданады», - деді ол.
Облыста жасөспірімдерді вакциналау білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде өтеді. Сондай-ақ, Қарағанды қаласының 6 егу пунктінде иммундау жүргізіледі. Ата-аналар балаларды осында да әкеле алады.
«Вакцинацияға ата-анасы немесе заңды өкілі қол қойған жазбаша келісімі бар балалар ғана шақырылады. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында егілгендерге медициналық бақылау жүргізу үшін кабинеттер дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде», - деп түсіндірді облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Pfizer препаратын егуге қарсы көрсетілімдер: белсенді затқа немесе препараттың кез келген басқа компоненттеріне аллергия, 12 жасқа дейінгі балалар және 16 аптаға дейінгі жүктілік. Егер адамда жіті жұқпалы ауру немесе созылмалы аурулардың өршуі болса, вакцинацияны кейінге қалдыру керек.
Pfizer – екі компонентті вакцина. Екі дозаның арасындағы уақыт 21-28 күн.