Қарағанды облысында барлық бағыттар бойынша жол жабық

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 24 желтоқсан күні сағат 21-30-дан бастап, көктайғақ пен боранның салдарынан жүруге болмайтын жол бөліктерінің тізімі ұлғая түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жолдар барлық бағыттар бойынша көліктердің барлық түрлері үшін жабық. Аймақта боран тұрып, желдің күші секундына 20 метрге жетті, жолда көктайғақ. Кезекші полиция қызметкерлері аудандар мен қалалардың шыға берістерінде де тұр.

«Сағат 21-30-дан бастап барлық бағыттар бойынша барлық көлік түрлері үшін жолдар жабық»,-деді Қарағанды облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Аймақта тіпті ауыл маңдарындағы және айналып өтетін жолдар да бақылауға алынды. Өйткені бұрындары жүргізушілердің полиция бекеттерін айналып өтпек болған әрекеттері анықталған.

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар бөлімшелері мен облыстық департаменттің жеке құрамы жол бойында азаматтарға көмек беру үшін жоғары дайындық жағдайына келтірілген. Жол талғамайтын техникалар да дайын тұр. Адамдарды жылытатын арнайы орындар да ұйымдастырылған.