Қарағанды облысында беделін түсіру үшін бейнеролик жасауға сотталғандарға формалық киімдерді заңсыз бергені үшін қатаң тәртіптегі колонияның қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды

None
ҚАРАҒАНДЫ. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысының қаржы полициясы формалық киімдерді сотталған адамдарға заңсыз бергені үшін АК-159/6 мекемесінің ОКС аға маман-бақылаушысына қатысты ҚР ҚК 2 бөлімі, 307 бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Бақылаушы түзету мекемесінің қызметкерінің сотталған адамды ұрып жатқаны бейнеленген жалған бейне роликті түсіруге пайдалану үшін сотталғандарға қызметкердің формалық киімін, бас киімі мен ПР-73 арнайы құралын («резеңке шоқпар») беріп жіберген», - деп түсіндірді облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетсек, аталмыш бейнеролик интернет-сайттардың біріне орналастырылған еді. Сонымен қатар, БАҚ арқылы Қарағанды облысының қатаң тәртіптегі колониясында сотталғандарды азаптау және жаппай аштық жариялау фактілері орын алғаны туралы хабарланған болатын. Осыған орай облыстық прокуратура түзеу мекемесінде тексеріс шараларын жүргізді. Сотталғандардың жаппай аштық жариялауы туралы ақпарат негізсіз болды.

Кейін белгілі болғандай, бейне түсірілім - жалған екен. «Сотталғандар азаптау және сотталғандарды ұрып-соғу туралы бейнетүсірілімді өздері жасағанын жазбаша түрде мойындады. Қаржы полициясының қызметкерлері бейнетүсірілім жасалған ұялы телефонды тауып, тәркіледі», - деп атап өтті облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.