Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Тазабеков мәлім етті.
Өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көмуді барлығы 31 мамандандырылған ұйым мен кәсіпорын жүзеге асырады. Облыс бойынша 13 мыңнан астам контейнер, оның ішінде қалдықтарды бөлек жинауға арналған 1 200 және құрамында сынабы бар құралдар үшін 66 контейнер орнатылды. Бірақ, соған қарамастан, мезгіл-мезгіл облыстың әртүрлі бөліктерінде рұқсат етілмеген полигондар пайда болады.
«Облыста 202 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, оның ішінде бүгінгі таңда 51-де рұқсат беру құжаттамасы бар. Сондай-ақ, өңірде қалдықтарды басқару саласында бірқатар инвестициялық жобалар бар. Қарағандыда Waste-to-Energy технологиясы бойынша энергия ала отырып, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісінің, Жезқазған қаласының Кеңгір кентіндегі биоэлектр станциясының және Қарағандыда биогаз электр станциясының құрылысы белгіленіп отыр», – деп хабарлады Әсет Тазабеков.
Сондай-ақ, облыста шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, ҚТҚ-ны заманауи кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша шаралар кешені әзірленді. Онда өңірдің даму бағдарламасымен біріктірілген нысаналы индикаторлар белгіленген.