Қарағанды облысында бірінші жартыжылдықта 4 индустриялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда
Бұл туралы аймақ басшысы Серік Ахметовтың төрағалығымен өткен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің екінші отырысында мәлім етілді.
Мәжілісте кәсіпорын басшылары Индустриялдандыру картасына кірмеген, бірақ жүзеге асырылып жатқан немесе 2010 жылдың жоспарына кірген инвестициялық жобаларды таныстырды. «Аталмыш жобалар бойынша олардың жүзеге асырылу барысын бақылау жөніндегі көшпелі штабтар құрылды», деді облыс әкімі өз сөзінде.
«Ағымдағы онжылдық үдемелі индустриялық-инновациялық даму үрдісі аясында өтетін болады. Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел Үкіметіне және әкімдіктерге осындай міндет қойды. Мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары инновациялық және индустриялық дамуға бағытталатын болады», деп атап көрсеткен С.Ахметов, «тартымды жобаларды қарауға, жүзеге асыруға және қолдауға» дайын екенін айтты.
2010 жылдың шілде айының 1-іне дейін жүзеге асыру жоспарланып отырған төрт жобаның бірі көмір өнеркәсібімен байланысты. Оның құны 4,7 миллиард теңгеден асады. «Сарыарқа» ENERGY» ЖШС ағымдағы жылы Қарағанды облысындағы «Жалын» көмір кенішін игеруді бастамақ. Шет ауданындағы Бапы темір рудасы кенішін «Bapy Mining» ЖШС игеретін болады. Бұл жоба карьер және кен байыту фабрикасын салуды қарастырады. Құны - 10,5 миллиард теңге.
Ал «Казцентрэлектропровод» серіктестігі Сарань қаласында полиэтилен құбырының өндірісін іске қоспақ. Жобаның құны - 150 миллион теңге. Кәсіпорынның бас директоры Сергей Кимнің айтуынша, қазіргі уақытта онда құрастыру және іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Сарань қаласында құны 150 миллион теңгенің тағы бір индустриялық жобасы жүзеге асырылуда «Еуромет» серіктестігі өндірісті кеңейту мақсатында көмірден ілеспе металлургиялық кокс алудың жылу-техникалық кешенінің екінші кезеңінің құрылысымен айналысуда.
Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, Қарағанды облысында Индустрияландыру картасына 16 жоба енгізілген, оның үшеуі - республикалық, 13-і - аймақтық маңызды. Индустрияландыру картасына жалпы есеппен, 578 миллиард теңгеден астам соманың 42 инвестициялық жобасы ұсынылған.