Қарағанды облысында бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттады
«Әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасына күнделікті бақылау қорытындысы бойынша, бір аптаның ішінде 33 өнімнің 14-інің қымбаттағаны тіркелді», - деді бүгін облыс әкімдігінде өткен жиын барысында Ж.Садықова.
Оның атап өтуінше, негізінен облыс аумағына енгізілген тауарлардың бағасы артуда. «Күнбағыс майы орта есеппен 10 теңгеге, қара шай - 15-тен 31-теңгеге дейін, майонез орта есеппен 23 теңгеге, мәйекті ірімшіктер - 100 теңгеге, қияр - 45-50 теңгеге, қызанақтар орта есеппен 27 теңгеге көтерілген»,- деп нақтылады статистика департаментінің басшысы.
Ж.Садықованың сөзіне қарағанда, азық-түліктің 15 түрінің: нан, сүт, ет, сары май, тұз бен басқа өнімдердің бағалары өзгермеген. Статистика ведомствосының мәліметтері бойынша, түрлі сауда орындарында 1 сұрыпты ұн, макарон өнімдері мен жарма бағасы төмендеген.
«Соңғы екі тәулікте түрлі сауда орындарында көкөніс өнімдерінің бағасы төмендегені байқалады: картоп 13-тен 18 теңгеге дейін, сәбіз 5-6 теңгеге, қызылша 12-25 теңгеге, пияздың бір келісі үшін 7-ден 237 теңгеге дейін бағаның төмендеуі байқалады», - деп атап өтті Ж.Садықова.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Асановтың хабарлауынша, бүгінгі таңда аймақтық тұрақтандыру қорынан 150,6 тонна көкөніс өнімдері: 132,3 тонна картоп, 8,6 тонна сәбіз, 9,7 тонна қырыққабат өткізілген. Ол сондай-ақ бағаны ұстап тұру мақсатында жергіліктіөндірушілердің қатысумен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
«15 ақпан күні өткізілген жәрмеңкеде 21 тоннадан астам ет өнімі, 1,3 тонна сүт өнімі, 100 мың данадан астам жұмыртқа, жалпы алғанда 24 млн теңгенің өнімі сатылды. Бұл сауда-саттықтағы баға нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен болды», - деді Б.Асанов.
Отандық тауарлар бойынша бағаның өсуіне негіз жоқ, деп атап өтті облыс әкімі Бауыржан Әбдішев. «Бақылауды жалғастырыңыздар. Егер оны орындамайтындар болса, шара қолданып, қатаң түрде жазалап, жолын кесетін боламыз», - деп мәлімдеді өңір басшысы.