Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді. Онлайн-кездесуде іс жүзіндегі бар проблемалар мен оларды шешу жолдары талқыланды.
«Күрделі жағдайға қарамастан, өңірде шағын және орта бизнес дамып келеді. Мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайды, бұл кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырады. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын жүзеге асыруға 9,5 млрд теңге бөлінді. Қазірдің өзінде 1 257 жоба мақұлданды – бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 есе көп. Бұл жобалар бойынша инвестициялардың жалпы сомасы 64 млрд теңгеден асады», – деді Жеңіс Қасымбек.
«Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» бағдарламалары бойынша да қолдау артты, деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, комиссияда шешімін жергілікті және орталық билік таба алатын кәсіпкерлердің проблемалары туралы айтылды. Өзекті мәселелердің бірі – құрылыс материалдары бағасының өсуіне байланысты жобаларды түзету. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Құрылыс және құрылыс индустриясы комитетінің төрағасы Төлеген Әшімовтың ақпараты бойынша, облыс бойынша осындай 50-ге жуық өтінім берілген.
Жеңіс Қасымбек бұл мәселені шешу жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар, энергия тапшылығы мәселелері талқыланды. Энергияның жетіспеушілігі бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Бұл мәселе де жүйелі көзқарасты талап етеді.