Қарағанды облысында дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтерген дәріханалар анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында дәрі-дәрмектердің бағасын көтеру жағдайларын анықтау бойынша рейдтер жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда мобильді топтар 5 шілдеден бастап дәрілерге белгіленген шекті бағаның артуының 45 фактісін тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрі-дәрмек бағасының негізсіз көтерілуін облыстық прокуратура, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Экономикалық тергеу және Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері біріге отырып тексеруде. Он күн аралығында тоғыз ереже бұзушыға 1,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 36 жағдай бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті кінәлілерді жауапқа тарту жөнінде шаралар қабылдайды.

«Мысалы, «Лазолван Юниор»-дың шекті бағасы 1635 теңгенің орнына 2 900 теңгеден және «Кардиомагнил»-ға белгіленген 1 797 теңге бағадан асырып, 2 000 теңгеге сатқаны үшін Абай ауданы Топар кентіндегі дәріхана иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабының 1-тармағы бойынша 180 540 теңгеден әкімшілік айыппұл салынды. Жезқазған қаласындағы Laif дәріханасының фармацевтіне «Прегабалин» дәрмегін дәрігердің рецептісіз сатқаны үшін 97 230 теңге мөлшерінде айыппұл салынды», - деп мәлімдейді Қарағанды облыстың прокуратурасының баспасөз қызметі.

Қарағанды облысының тұрғындары да мобильді топтарға дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеру немесе рецептуралық препараттарды сату жағдайлары туралы прокуратураға (8-7212) 35-35-33 және 8-702-111-40-06 телефондарының байланыс нөмірлері бойынша хабарлап, көмектесе алады.