Қарағанды облысында дарынды егіз балалар арасында байқау өтті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында егіз балалар арасындағы шығармашылық байқауда жеңілгендер болмады. Бүкіл сегіз жұп өздерін жақсы жағынан көрсете білді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңаарқа мәдениет үйінің балалар мен жасөспірімдер бөлімінің меңгерушісі Айман Айтжанова осындай байқауды үшінші рет өткізіп отыр.

«Мен балаларды жақсы көремін және оларды шығармашылық және пайдалы қызметке тартуға тырысамын. Біздің ауданда егіздер көп. Бірде маған осындай байқау ұйымдастыру идеясы келді, себебі егіздер, әдетте, өте дарынды болып келеді. Бұрын байқау ауқымдырақ өтетін. Биылғы жылы пандемияға байланысты біз біршама шектеуіміз керек болды, бірақ соған қарамастан барлығы ойдағыдай өтті. Балалар өзін-өзі таныстыру, шығармашылық қойылым және дефиле кезінде өзіндік ерекшелігі үшін бағаланды», – деп есептейді Айман Айтжанова.

Жаңаарқа ауданының әр ауылдарынан келген сегіз жұп байқауға тыңғылықты дайындалды.

Әділқазылар алқасының көңілін Ынтымақ ауылынан келген 6 жасар Інжу мен Маржан Аманқан жаулап алды.

Олар «Қуыршақ» биімен өнер көрсетіп, байқаудың Гран-приін жеңіп алды.

«Менің қыздарым мектепалды даярлық сыныбында оқиды. Олар қойылым алдында қатты уайымдап, тыңғылықты дайындалды. Мен сайыс ұйымдастырушысына балалар өз таланттарын аша алатын іс-шаралар ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Қыздарым келбеті жағынан да, табиғаты бойынша да әртүрлі. Біреуі ширақ, екіншісі жуастау. Біреуі аққұба, екіншісі қараторы. Бұл байқауда олар бір-бірімен үйлесімді болды», – деді қыздардың анасы Айнұр Жақыпбекова.

Сондай-ақ, бас жүлдені Қарағаш ауылдық округінің Ынталы ауылынан келген 9 жасар Нұрахмет пен Нұржамал Жақсыбаевтар, жаңаарқалық 11 жасар Аружан мен Аяжан Төлеу иеленді.

Таланттар байқауында бірінші орынды М.Жұмажанов ауылынан келген 9 жасар Нұрай мен Арай Сапаровалар, 6 жасар Мәди мен Ғани Нұриден, сондай-ақ жаңаарқадалық 5 жасар Айым мен Айша Нұрболқызы және Түгіскен ауылынан келген 11 жасар Бекарыс пен Бейбарыс бөлісті.

Екінші орынды Жаңаарқа тумасы 12 жасар Перизат пен Пакизат Жақсылық жеңіп алды.

«Қазылар алқасы қатысушыларды үш жас санаты бойынша бағалады. Ешкімді ренжіткіміз келмеді. Балалардың бәрі дарынды. Болашақта бұл байқауды өңірлік деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Айман Айтжанова.