Қарағанды облысында директорлыққа кандидатты ата-аналар бағалайды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында мектеп директорларын тағайындау рәсімі өзгерді. Бұл туралы тамыз конференциясында білім беру басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов хабарлады.

«Басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында биылдан бастап басшылық лауазымға кандидаттарды тағайындау рәсімі өзгертілді. Үміткер міндетті түрде білім беру басқармасымен келісіледі. Келісім бірнеше кезеңде өтеді», - деді баяндама жасаған А.Аймағамбетов.

Ол облыста директор орны босаған жағдайға кадр резерві құрылғанын атап өтті.

Жаңа қағида бойынша мұндай бағдарламаларды ата-аналар ұйымы әзірлейді де директор кандидаттығына ұсынады.

«Бірінші кезең - нормативтік құқықтық актілерді білуіне іріктеу тестілеуден өту, екінші кезең - кандидат  қамқорлық кеңесінің алдында білім беру ұйымының басшысы ретінде іс-қимыл бағдарламасын қорғайды», - деді ол.

Ол бұл басшыларды тағайындаған кезде сыбайлас жемқорлық ықпалын азайтуға мүмкіндік береді деп санайды.