Қарағанды облысында екі департамент және бір басқарма басшысы ауысты

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында Мемлекеттік кірістер департаментіне, Мемлекеттік қызмет істері департаментіне және Денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасын конкурстық іріктеу нәтижесі бойынша Қалдыбек Исмаилов басқаратын болды. Аппараттық кеңесте жаңа басшыны өңір әкімі Жеңіс Қасымбек таныстырды.

Қалдыбек Исмаиловтың үш жоғары білімі бар: 1997 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының емдеу факультетін, ал 2014 жылы Алматы Экономика және статистика академиясын «менеджмент» мамандығын және 2020 жылы – «Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент» мамандығы бойынша MBA магистрлігін бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы бастаған. Қарағанды қаласының «Фтизиатрия» ҚБ бас дәрігерінің орынбасары, фтизиохирург дәрігер болып жұмыс істеді.

2012 жылдан – Жезқазған туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері. Одан кейін Теміртау туберкулезге қарсы диспансерінің директоры, Қарағанды облыстық туберкулезге қарсы диспансері директорының орынбасары қызметтерін атқарды.

2017 жылдан 2018 жылға дейін Алматы қаласындағы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының емдеу жөніндегі үйлестірушісі, директордың орынбасары болды.

2018 жылдың қазан айынан бастап осы уақытқа дейін Қарағанды облыстық фтизиопульмонология орталығын басқарды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы болып Ербол Жолдаңғар тағайындалды.

Ербол Жолдангардың «Құқық және экономика негіздері» және «Құқықтану» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын 2002 жылы Көкшетау қалалық сотында бастаған. Содан кейін Ақмола облысы бойынша Мәдениет және монополияға қарсы инспекция басқармасында басшы лауазымдарда жұмыс істеді.

2013 жылдан бастап мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүйесінде әртүрлі лауазымдарды атқарды. Тағайындалғанға дейін соңғы 3 жыл ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеді.

Мемлекеттік қызметтегі жалпы жұмыс өтілі 18 жылдан асады.

Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып Әнуар Мәдиев тағайындалды.

Әнуар Мәдиев білімі бойынша заңгер, экономист. ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтын және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін үздік бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 2000 жылы ішкі істер органдарында бастаған. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 19 жылды құрайды. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде сарапшы, бас сарапшы, премьер-министр кеңсесінде бас сарапшы, Қарағанды облысы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары, ведомстволық бақылау басқармасының сарапшысы, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитетінің экспорттық бақылау басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.

2019 жылғы наурыздан бастап осы уақытқа дейін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сауда айналымы басқармасының басшысы қызметін атқарды.


Соңғы жаңалықтар