Қарағанды облысында екі қысқы онлайн спартакиада өтіп жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында онлайн форматта облыстық спорт жарыстарының үшінші кезеңі басталды.

Бұл қалалар арасындағы «Қарлы қыс – 2021» XXXI облыстық қысқы ауылдық спартакиадасы және «Ақ қыс – 2021» XVIII қысқы спартакиадасы. Жарыс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олар үш кезеңде өткізіледі. Бірінші - екінші (қаңтар-ақпан) - қалалық және аудандық онлайн біріншіліктер. Үшінші кезең (17-21 ақпан) - қалалар мен аудандардың құрама командалары арасындағы облыстық спартакиадалар (финал).

Жарыс бағдарламасына спорттың үш түрі кірді. Олар: қысқы Президенттік көпсайыс, шаңғы жарысы (эстафета) және конькимен жылдам жүгіру.

Әр команда 16 адамнан тұрады. Жас мөлшері - 18 жастан жоғары. Жарысқа облыстың тоғыз ауданының және барлық қалаларының құрамалары қатысады.

Естеріңізге сала кетейік, «Қарлы қыста» 2020 жылы Абай ауданы, «Ақ қыста» - Қарағанды жеңіске жеткен болатын.