Сұрыптау шағын ауданы жанындағы Жұмысшы кенті Қарағандыдағы су тасқыны қаупі бар учаскелердің бірі болып саналады.
«Мұнда 80-ге жуық жеке үй орналасқан. Кент жанында екі өзен: Көкпекті және Солонка ағып жатыр. Сонымен қатар қыста жауған қар да айтарлықтай қалың. Соның салдарынан қауіп одан бетер ұлғайып отыр», - дейді мамандар.
Қауіпті учаскеге Қарағанды облысының әкімі барып, жағдайды қадағалап қайтты. Жеңіс Қасымбек аудан тұрғындарын қауіпсіздендіру үшін су бөгетін нығайтуды тапсырды. Қазір су ағынынан қорғайтын үйінді басылып қалды, сондықтан оны нығайту қажет.
2015 жылы Көкпекті бөгеті бұзылып, мұнда үлкен су тасқыны болған. 2016 жылы осындай төтенше жағдайды болдырмау үшін бюджеттен тыс қаражат есебінен ұзындығы 1200 метр бөгет салынды. Нәтижесінде 2017 жылы су басу шамалы болды. 2018 және 2019 жылдары олар мүлдем болған жоқ.
Сонымен қатар, көктемде Солонка өзенін санациялау жұмыстары басталады. Тазарту және тереңдету жұмыстары өзен арнасының 9 шақырым ұзындығы бойымен жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл күн жылығанда өзеннің арнасынан асуына жол бермеу үшін жасалып отырған шара.