Заңсыз әрекеттер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында белгілі болды. Энергиямен жабдықтаушы 4 ұйымның тарифті ішінара негізсіз ұлғайтуы анықталды. Олар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің тексеруі барысында электр энергиясын сатып алу және жеткізу шығындарының өсуін растай алмады.
«Ұсынылған құжаттарда бағаның өсуінің негізгі себебі болатын электр энергиясын өндірушіде бағаның өсуін растайтын шот-фактуралар жоқ, сондай-ақ электр энергиясын тасымалдауға жоспарланған шығындар расталмаған, жабдықтау үстемесінде негіздеме мен шығындар табылған жоқ», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осылайша, келесі энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тарифтері төмендетілді:
«ҚарағандыЖылуСбыт» ЖШС Қарағанды қаласында тарифті 21,47 теңге мөлшерінде орнатпақ болған, тексерістен соң – 20,69 теңге болып бекітілді.
«Есеп айырысу сервис орталығы» ЖШС Абай мен Шахтинск қалаларында, Шахан мен Бұқар жырау ауданында тарифті 24,08 теңгеге көтермек болған, тексеріс нәтижесінде – 22,43 теңге болып бекітілді.
«Энергоуголь XXI» ЖШС Саран қаласында 24,03 теңгеге көтерген, тексерістен соң – 22,67 теңге болып бекітілді.
«Казэнергоцентр» ЖШС: Балқаш қаласында 26,05 тг – 22,85 тг, Приозерск қаласында 19,7 тг – 18,74 тг, Қарқаралы ауданы 27,86 тг – 25,99 тг, Ақтоғай ауданы – 20,77 тг – 18,41 тг, Молодежный кенті 20,94 тг – 19,49тг.
Сондай-ақ, мониторинг қорытындысы бойынша Балқаш қаласының 73 мың тұрғынына жылу және сумен жабдықтау бойынша коммуналдық қызметтерге тарифтерді төмендету есебінен 200 млн теңгеден астам сомаға шығындар өтелді.
«Мониторинг барысында «Балқаш жылу» ЖШС және «Балқаш су» КМК тарифтік сметасының орындалуы жөніндегі есепте коммуникацияларды жөндеуге және аппаратты жоюға арналған шығыстар құжаттамалық түрде расталмағаны анықталды. Нәтижесінде, Балқаш қаласының тұтынушыларына жылу бойынша тарифтер төмендетілді – «Балқаш жылу» ЖШС жылумен жабдықтау бойынша тарифтер 8,75%-ға азайды. Су бойынша – «Балқаш су» КМК – 10,94%-ға, су бұру бойынша – 16,69%-ға төмендеді. Жалпы есептегенде, тариф 231 млн теңгеге төмендеді», - деп толықтырды ведомстводан.