Қарағанды облысында еліміздің солтүстік аймақтарына есірткі тасымалдайтын арна жойылды

None
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен аптада республикада 1 мың 886 қылмыс жасалып, олардың 1 мың 468-нің ізі суымай ашылды.

Сондай-ақ 379 бұрын жасалған қылмыс әшкереленген. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның деректеріне қарағанда, апта ішінде іздеуде жүрген 130 күдікті қолға түсіп, 7 атыс қаруы тәркіленген. «Сондай-ақ есірткімен байланысты 209 қылмыс анықталып, олардың 53 фактісі есірткіні саудалаумен байланысты болды. Ал заңсыз айналымнан 50 келі есірткі алынып, оның 1,5 келісі героин болды», деді департамент бастығы.

Оның айтуынша, Көкшетауда 5 келі марихуананы саудалау барысында Қарағанды қаласының 36 жасар тұрғыны мен жергілікті екі азамат ұсталған. Олардың бірінің үйін тінту кезінде 15 келі марихуана табылған. Сондай-ақ Қарағанды облысында еліміздің солтүстік аймақтарына есірткі тасымалдайтын арна жойылды. Бұл әрекет бойынша Теміртау қаласының 35 жасар тұрғыны ұсталып, оның пәтерінен 6 келі марихуана мен 1,5 келі гашиш табылды.