Жолдастық матч Нұра кентіндегі хоккей кортында өтті. Кездесудің алғашқы минуттарынан бастап командалар арасында тартысты күрес басталды.
Ойыншылар берілгісі келмеді. Ойын барысында командалар кезек-кезек шайба жүргізіп, негізгі уақыт 7:7 есебімен аяқталды.
Бірақ қосымша минуттарда «Сарыарқа» командасының ойыншылары артықшылыққа ие болып, матч қонақтардың басымдығымен 9:8 есебімен аяқталды.
«Матч тамаша өтті. Біздің команданың капитаны әкім Аян Шалмағамбетов болды. Біз «Сарыарқа» командасымен кездесіп, үлкен тәжірибе жинадық. Оларға ойын үшін алғыс айтқым келеді. Нұра ауданында қысқы спорт түрлеріне жағдай жасалып жатқаны қуантады. Мысалы, біздің команда хоккей формасын сатып алды. Енді біз толық жасақталып, жарыстарда аудан намысын қорғауға дайынбыз», - деді «Арлан» командасының мүшесі Евгений Шевченко.
Жолдастық матч соңында команда ойыншылары қол алысып, естелік сыйлықтармен алмасты.