Қарағанды облысында ірі қарадан бруцеллез анықталған ауылға шектеу енгізілді
10:00, 12 Шілде 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қарағанды облысына қарасты Мәди ауылдық округінде ірі қарадан бруцеллез анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қарқаралы ауданы, Мәди ауылдық округінің аумағында ауыл шаруашылығы жануарларының арасынан бруцеллез ауруы анықталуына байланысты шектеу іс-шаралары белгіленсін», - делінген Мәди ауылдық округінің әкімі Б.Райымның шешім-жобасында.
Мәлім болғандай, аталған елді мекендегі ірі қарадан бруцеллезге алынған 15 сынаманы зерттеу кезінде үш бастан ауру анықталған. Осыған байланысты шектеу шараларын енгізу жоспарланып отыр.
Шешім бүгіннен, яғни 12 шілдеден бастап күшіне енеді.
Қоса кетсек, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында бруцеллез анықталған Талшық ауылында шектеу енгізілді.