Қарағанды облысында карантин кезінде волонтерлер 700-ден астам акция өткізді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының еріктілері карантин кезеңінде көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғыз басты қарт адамдарға, мүгедектерге және басқа да аса мұқтаж жандарға көмек көрсету бойынша 778 акция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олардың қызметі туралы облыс әкімдігінде онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте Жастар саясаты басқармасының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев мәлімдеді.

15 наурыздан 6 мамырға дейін 14 663 отбасы немесе 65 700 адам көмек алды. Қайырымдылық іс-шараларға 2 000 волонтер жұмылдырылды.

Олар мұқтаждарға макарон, жарма, ұн, ет, өсімдік майы, көкөніс, жеміс-жидек салынған тегін азық-түлік себеттерін жеткізді.

Өңірде барлығы 106,8 тоннадан астам азық-түлік пен санитарлық-гигиеналық құралдар мен 44 521 медициналық маска таратылды.

Қайырымдылық акцияларына облыстың шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері қатысты.

Сондай-ақ, Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қарағанды автоәуесқойлар клубы және жанашыр тұрғындар көмекке келді.

Осы жылдың наурыз айында «Сарыарқа жастары» волонтерлік штабы құрылған болатын. Штаб ашылған сәттен бастап еріктілер 3 653 адамға қол ұшын созды. Облыс тұрғындары көбінесе тегін азық-түлік себеттерін, азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді жеткізу туралы өтініштерін айтып, волонтерлік қозғалысқа қосылу туралы сұрақтар қойған.

«Еріктілердің қауіпсіздігі - маңызды мәселе. Сондықтан біз оларды жеке қорғаныс құралдарымен - маскалармен, резеңке қолғаптармен, антисептиктермен қамтамасыз еттік. Волонтерлер көмек алушылармен байланыссыз тәртіпте жұмыс істеді», - деді Нұржан Жетпісбаев.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек волонтерлік қызметке жастарды ғана емес, сонымен қатар аға буын өкілдерін де тарту қажеттігін атап өтті. Мұндай бастама Теміртауда жүзеге асырылуда.

«Бұл мысал барлық тұрғындарды жігерлендіруі тиіс. Мен аға буын волонтерлерімен кездестім. Олардың көздері жанып, халыққа нақты материалдық көмек көрсетуге талпынып тұрғандары көрініп тұр. Еріктілерге қандай көмек көрсетуге болатын ойластыру керек. Менің ойымша, Жастар саясаты басқармасы жақсы жұмыс атқарды», - деп атап өтті аймақ басшысы.