Қарағанды облысында Карлагта болған испандық тұтқындарға арналған ескерткіш белгі орнатылмақ

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ҚР-дағы Испания Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Мануэль Парротча Параданы қабылдады, деп хабарлады өңір басшысының баспасөз қызметінен.

«Кездесу барысында Спасск мемориалдық кешені аумағында Испанияның естелік белгісін орнату туралы мәселе талқыланды. Бар деректерге сәйкес Карлагта өз уақытында шамамен испандық 150 әскери тұтқын болған. Олардың 11-і қаза тапқан», - делінген хабарламада.

Н.Әбдібеков қазірде ескерткіш белгі орны айқындалып, оны орнату жұмыстары басталып кеткенін хабарлады. Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. «Облыстың сыртқы сауда айналымы 2014 жылғы қаңтар-шілдеде 4,3 млрд. доллардан асты, бұл ретте Испаниямен сыртқы сауда айналымы 8,2 млн. долларды құрады. Бұл өзара тиімді іскерлік әріптестікті одан әрі дамытуда ауқымды пайдаланылмаған мүмкіндіктер бар екендігін көрсетеді», - деп атап өтті өңір басшысы. Облыс әкімі испандық бизнесмендерді экономиканың әр саласында ынтымақтасуға шақырды. Спасск мемориалдық кешені әскери тұтқындар жерленген орында салынған. Спасск кентінде 1930-50 жылдары КСРО ІІМ - ІІХК бөлімшесі, әскери тұтқындар мен шетелден жер аударылған азаматтар лагері болған. Мұрағат деректеріне сүйенсек, Сапасск зиратына 50-ден астам ұлттың 5000-нан астам әскери тұтқындары жерленген. Ол жерге әр мемлекеттен 30-ға жуық естелік белгі орнатылған. 2004 жылы қарағандылық билік орындарының бастамасымен Қазақстан жерінде жерленген барлық саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш орнатылды.