Қарағанды облысында кеншілермен кездесу өтіп, бірқатар мәселе талқыланды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен келісу комиссиясының шахтерлермен кезекті отырысы өтті. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің еңбек ұжымдары кеншілер атынан сұрақтарын ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда талқыланған ең басты мәселе – кеншілер үшін зейнеттік жасты төмендету болды. Бұл мәселеге түсінік беру үшін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов шақырылды.

А. Сарбасов зейнетке шығу жасын төмендетуге қатысты ведомствоаралық комиссия жұмысы жалғасып жатқанын айтты.

«Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Бірнеше нұсқалар қарастырылуда. Оның ішінде арнайы қосымша ақыларды енгізуді талқылап жатырмыз. Мемлекетпен қатар жұмыс беруші де міндеттеме алуы тиіс», - дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі.

Ведомство есептеулер мен нақты схемаларды кейінірек ұсынуға уәде берді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, шешімін қажет ететін мәселе әлі жетерлік.

«Келісу комиссиясы жыл бойы жұмыс істейді. Прогресс бар. Бірақ әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелік мәселелер жеткілікті. Өткен отырыста нормативтік сан, кадрлардың ауысуы, жабдықтарды жаңарту мәселелерін талқыладық. Әрине, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету шаралары бірінші орынға шығады», – деп атап өтті ол.

Кеншілер көтерген жаңа мәселелер туралы «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев хабарлады. Ол алты мәселені ортаға салды, оның ішінде жалақыны көтеру, 13-ші жалақы деп аталатын еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігін арттыру жөніндегі шараларды толық қамтамасыз ету, кәсіптік сырқаттанушылықтың алдын алу және қызметкерлерді сауықтыру жүйесін жақсарту.

Басқа да барлық мәселелер талқылауға қабылданды және олар бойынша шешімдер келесі кездесулерде айтылатын болады.