Қарағанды облысында қоғамдық көлікте қолданылатын жаңа жеңілдіктер енгізілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында 1 наурыздан бастап көп балалы аналар, І топтағы мүгедектер және 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер қоғамдық көлікте жол жүруге қосымша жеңілдіктер алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа жеңілдіктер «Бақытты бала - Бақытты ана - Бақытты отбасы - Бақытты ел» жол картасы аясында енгізілді.

Сонымен, келесі санаттар қала маңындағы маршруттарда тегін жүру құқына ие:

- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;

- бірінші топтағы мүгедектер.

Оларға автобустарда тегін жүру үшін бұрын алған «Әлеуметтік» көлік карталарын пайдалануға болады.

Қала маңындағы маршруттарда тегін жүру үшін бақылаушыларға анықтамалар мен жеңілдіктер туралы куәліктерді (түпнұсқа) көрсету қажет.

Жақын арада арнайы карталар тегін ресімделеді.

15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге келетін болсақ, 1 наурыздан бастап оларға жол жүру құнының 50%-ы мөлшерінде жеңілдік берілді. Бұған дейін бұл санаттағылар жол ақысына 80 теңгеден төлеген болатын.

«7-15 жастағы балалар» картасы бар адамдар үшін жеңілдік автоматты түрде ұзартылады. Ол үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Карта 18 жасқа дейін жарамды болады.

15 жасқа толған және «Балалар» картасы бұғатталған, бірақ қолында бар болса, бұл жолаушылар 1 наурыздан кейін оны іске қосуға өтініш беруі керек. Бұл қызмет тегін.