Қарағанды облысында көктемгі су тасқынынан қорғану үшін дамбасы салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұқар жырау ауданындағы Садовое ауылының маңында үйлерді келешекте көктемгі су тасқынынан сақтау үшін арнайы дамба жасалуда, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, дамбаның бірінші кезегі аяқталды, осы кезде ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын топырақ үйілді.

Бүгін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Бұқар жырау ауданына қарасты Садовое және Чкалов ауылдарында болып, ауданда көктемгі су тасқынымен күресу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын байқап қайтты.

«Дамбалар Нұра және Баймырза өзендерінің бойында салынды», - деп мәлімдеді аудан әкімі Шағурашид Мамалинов аймақ басшысына.

Бүгінгі таңда Садовое ауылында 3,6 шақырым бөгет салынды, екінші кезеңде табиғи қиыршық тас 3,1 шақырым жерге себілген. Чкалов ауылында ұзындығы 1,7 шақырым топырақ дуал жасалды. Онда да 98 метр габиондар орнатылып, қосымша тағы 800 метр габиондар жасауға байқау жарияланды. Барлық жұмыстар 1-ші қарашада аяқталады деп жоспарлануда. Ерлан Қошанов Садовое ауылының тұрғындарынан олардың қорғау бөгеттері мен дуалдардың құрылысы туралы пікірлерін сұрады.

«Мен мұнда бұрыннан бері тұрып келем, жыл сайын көктемде біздің ауыл тасқын судан зардап шегеді. Бірақ осы жылы дамбалардың құрылысы жүргізіліп жатқанда ауыл әкімі мен аудан әкімінің оынбасары әрдайым құрылыс орнында болып, барлық жұмыстарды қадағалап жүрді. Дамба өте биік. Көктемде ауылымызға қауіп төнбейді деп үміттенеміз», - деді ақсақал Мизамхан Бұлтпайұлы.

Садовое ауылындағы қорғау дуалының ені - 6 метр, жоғарғы бөлігі - 2 метр. Биіктігі - 1,7 метрден 2 метрге дейін жетеді.

Чкалов ауылындағы дамбаның 70 пайызы тастардан, 30 пайызы саз бен топырақтан құралған. Нығайтқыш торлар мырышталған сымдардан жасалған. Барлық қажетті өлшемдер сақталған. Сонымен қатар бұл дамбаларды бір орыннан екінші жерге ауыстыруға болады.
Облыста 2018-ші жылға дейін тасқын су салдарының алдын алу бойынша шаралар жоспары құрылған. Бүгінгі таңда Ынтымақ ауылында ұзындығы 1 шақырым, биіктігі 1,5 метр қорғау дуалы салынған.

Белағаш ауылында ұзындығы 600 метр, ені 2 метр және биіктігі 1 метрден 1,3 метрге дейін жететін топырақ бөгеті салынды.

Жалпы ұзындығы 12 шақырымдық дамбалар Ботақара кентінің маңында орналасқан Ғ. Мұстафин және Сарытөбе ауылдарында салынып, нығайтылып жатыр.
Сарытөбеде су тасқынынан кейін ауылға келер жол бөлігі қайта қалпына келтіріліп, диаметрі 1 метр 8 жаңа су өткізгіш сақиналар орнатылды.

Ғ. Мұстафин кентінде су өткізгіш арықтар тазартылуда. Олардың маңайында ұзындығы 2 шақырым, биіктігі 2 метр, ені мен негізі 5 метр дуалдары салынып жатыр. Қазірдің өзінде шамамен 600 метр аумақ тазартылды.
Ақтөбе ауылында ұзындығы 5,5 шақырым қорғау дамбасы күшейтіліп жатыр. Бүгінгі таңда оның 4,8 шақырымы нығайтылды.

Сонымен қатар Қаражар ауылдық округінде және Ростов ауылдық округінің Қызылжар ауылында да қорғау дуалдары орнатылады деп жоспарлануда. Барлық жұмыстарды мердігерлер қарашаның соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы көктемгі су тасқынының қарқынды мезгілі 14-16 сәуірге тура келді. Тасқынның алдын алу үшін Самарқанд су қоймасынан 1200 текше метр су жіберуге тура келді. Соның салдарынан Бұқар жырау ауданына қарасты Садовое және Чкалов ауылдарына су аққан болатын.