Қарағанды облысында қоқыс өңдейтін зауыттың құрылысы жоспарлануда

None
ҚАРАҒАНДЫ. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Сейсенбі, қыркүйектің 28-інде Қарағанды облыстық әкімдігінде облыс басшысы Серік Ахметовтың қатысуымен өткен кеңесте Қарағандыда салынатын қоқыс өңдейтін зауыттың жобасы талқыланды.

Жобаны таныстырған «Vtorma Ecology Co» компаниясының басқарма төрағасы Егор Зингер бұл кешеннің құрамына жылдық өнімділігі 200 мың тоннаны құрайтын қоқыс өңдеу зауыты кіретінін хабарлады. «Зауыт қатты-тұрмыстық қалдықтарды қабылдау аумағынан, органикалық қалдықтар мен темірлер автоматты түрде екшелетін сұрыптау және өңдеу желісінен, кәдеге жарайтын фракциялар мен темірлерді қаптау аумағынан тұрады. Кешенге сондай-ақ, құйма және үрілген пресс-формалар үшін полиэтилен үлдірлерін өңдеу, полиэтилен құбырларын, үлдірлер және профильдер дайындау зауыты, ғимараттар мен кез-келген типтегі басқа нысандардың құрылыстарында пайдаланатын жайма пластиналар мен экомақталар шығаратын зауыт кіреді», дейді Е.Зингер.

Кеңесте атап көрсетілгендей, бұл Қазақстанда салынып отырған осындай үшінші зауыт. Оның біреуі - Алматыда ашылса, екіншісі Астанада салынып жатыр.

Ал облыс әкімі өз сөзінде, мұндай зауытқа деген қажеттілік бұрыннан пісіп-жетілгенін атап көрсетті. Қоқыс өңдеуші кешен Қарағанды қаласына, Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск сияқты серіктес-қалалар мен Ақтас кентіне қызмет көрсететін болады деп пайымдалуда.