Инспекторларға қарсы браконьерлердің шабуылы жайлы ақпаратты әлеуметтік желіге жазып, инспекторлардың танысы алматылық Марғұлан Сейсембай таратты.
«Браконьерлер сұры түсті Лэнд Крузерде болған», - деді Алматы тұрғыны Марғұлан Сейсембай, қорықшыларды танитынын, олармен хабарласып тұратынын атап өтіп.
Бұл ретте полицияға шағым түскен жоқ. Полицейлер арыз жазғанды күтпей, оқиға орнына барды. Машина өртенген жерден олар оқ таппады. Оқ тиіп, зақымданған із де табылмады.
«Ұлытау аудандық ІІБ қызметкерлері полиция бөліміне өртенген көлікте болған 5 адамды алып келді. Тергеу барысында жүргізуші мен жолаушылардың айғағына сәйкес, 6 маусымда сағат 18-де далада олар көліктің шаңын байқайды. Артынша олар браконьерлер болуы мүмкін деген оймен көліктің ізіне түседі. Оны қуып жете алмайды. «Ақ бөкен» қорығының көлігінде құрғақ шөп жиналып қалғаннан, өрт тұтанған. Салдарынан көлік жанып кеткен. Бұл ретте атыс болмаған, машинаны да ешкім өртемеген», - деді ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
ІІД-да көрінеу жалған ақпарат тарату заңмен қудаланатынын ескертеді. Қазір полиция халықты алдаған инспекторлар мен әлеуметтік желіде хабарлама жариялаған жазбаның авторын жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарауда.